Кен өндіру тәсілдері
Шахта
Облыс өнеркәсібінің негізін кен өндіру өнеркәсібі құрайды. Бұл салада 197 нысан жұмыс істейді (2006). Негізгі өндірілетін өнімдері –түсті металл (мыс, мырыш, күміс), алтын, титан, көмір. 2005 ж. облыс бойынша 10,8 млн т түсті металл кентасы өндірілді. Кентасты негізінен Риддер және Зырянов полиметалл кен аудандарындағы “Қазақмырыш” АҚ-на қарасты кеніштер, Ертіс маңы полиметалл кенді ауданындағы “Қазақмыс корпорациясына” қарасты кәсіпорындар өндіреді. Асыл металл өндіру саласы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 27 кәсіпорын бар. Оларда 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 17,3 т алтын өндіріледі. Негізгі алтын өндірушілерге “Бақыршық” кен кәсіпорны, “ФИК”, “Алел”, “Алтынтөбе” АҚ-ның, “Андас Алтын”, “Даңқ”, “Жерек”, “Іnter Gold Capіtal” ЖШС-терінің кеніштері жатады. 2006 ж. Өскеменнің титан-магний комбинатын жергілікті шикізатпен қамтамасыз ететін (Көкпекті ауданында) Сәтбаев атындағы ильменит құмының кен орны іске қосылды. Ол жылына 15,0 мың т ильменит концентратын береді. Облыстағы көмір өндіру 6 нысан бойынша жүзеге асырылады. Ол негізінен “Қаражыра ЛТД” ЖШС-не қарасты Қаражыра, Кендірлік және Алакөл кен орындары.